Главная » Статьи » Статьи |
1 Мен туыс ұйғыр
халқының замандас үш жазушcы мен бір ғалымын жүрегіме жақын тұттым. Олар:
Хизмет Абдуллин, Ахметжан Аширов, Шаим Шаваев және Мұрат Хамраев еді. Бір қызығы осылардың
алғашқы үшеуімен де жол үстінде жақындастым. Жолаушылық деген де ұлы мектеп
қой. Адамның қадір, қасиеті азаматтық бейнесі бір-біріне үлкен жолдың үстінде
айқын танылады. 1974 жылы
Қырғызстанның ол кезде Фрунзе аталатын астанасы, қазіргі Бішкек қаласында
әдебиеттегі тарихи шығармалар проблемасына арналған халықаралық үлкен симпозиум
болды. Соған Қазақстаннан бес жазушы барып қатыстық. Бізді ол кездегі Қазақстан
Жазушылары одағының екінші хатшысы Ілияс Есенберлин бастап
барды. Сол бесеудің бірі Хизмет марқұм еді. Фрунзеға машинамен барып, машинамен
қайттық. Төрт-бес күн бірге жүрдік. Шаиммен жетпісінші жылдардың аяқ жағында
Мәскеуде өткен дүниежүзілік кітап жәрмеңкесіне бірге барып, біліс болдық. Кейін
Әл-Фараби атындағы шығармашылық үйінде жолығысып жүрдік. Ахметжан Ашировпен
1983 жылы Алматыдан алыс, сонау солтүстіктегі Якутск қаласында таныстым. Сол
жылы қазақ әдебиетінің Якутиядағы онкүндігі өтті. Оған Алматыдан жиырма бес
жазушы бардық. Олардың ішінде республикадағы қазақ, орыс, ұйғыр, корей, татар
әдебиеттерінің өкілдері болды. Ахметжан екеуіміз сол сапарда кездестік. Осы
сапарда жанымыз жарасып, жүрегіміз ұғысып, туысып, түсінісіп қайттық. Ал ұйғыр
халқының аса талантты ғалымы, филология ғылымының докторы, профессор, СССР
Педагогика ғылымы академиясының корреспондент мүшесі Мұрат Хамраевпен Мұхтар
Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтында қызмет істеп жүрген кезімде
сыйлас, сырлас болдым. Осылардың ішінде
Хизмет Абдуллин алпысқа жаңа жеткенде, Мұрат Хамраев қырық жеті жасында өмірден
өтіп кетті. Екеуі де асыл азамат еді. Топырағы торқа болсын олардың. Енді Ахметжан
екеуіміздің қалай танысқанымызға келейін. Якутия сапарында жолдас болғанымызды
жоғарыда айттым. Біз жері суық болғанымен, адамдарының жаны жылы, жүрегі ыстық
саха халқымен, олардың тамаша жазушыларымен табысып, әдебиетімен, мәдениетімен,
салт-дәстүрлерімен таныстық. Сөйте жүріп, жолаушылар бір-бірімізді жақын
білісіп, артынан бұрынғыдан да жақындаса түстік. Әр адам – «Америка»
ғой! Оның жанын ұғып, жүрегін түсіну – өзінше бір жаңа құрлықты ашумен
пара-пар. Ал өзімнің сол Саха сапарынан ашып қайтқан «Америкам» – Ахметжан
болды. Оған дейін, Алматыда,
бірімізді біріміз сыртымыздан көрсек көріп жүрген болармыз. Ал жақын жұғысып,
тілдесуіміз Якутск қаласындағы мемлекеттік музыкалық театрда қазақ әдебиетінің
онкүндігі ашылған күні болды. Салтанатты жиналыс бітіп, концерт басталар
алдында орта бойлы, қара торы жігіт фоэде қасыма жақындады. Өзіміздің Алматыдан
келген жігіттердің бірі.Түсі тыныс. Бірақ, аты-жөнін білмеймін. – Аға, қолыңызды
беріңізші, – деді ол ақсия күліп келіп. – Неге? – дедім мен
оған жолымды ұсынып жатып. – Құттықтағым
келіп кетті сізді. – Не үшін? – Жаңағы сөйлеген
сөзіңіз үшін. Сіз якуттарға Қазақстанды адамдары арқылы таныстырдыңыз. Қанша
Совет Одағының Батырлары, қанша Социалистік Еңбек Ерлері бар екенін айтып,
олардың екі мәрте Ер болғандарының аттарын атадыңыз. Өнер қайраткерлері мен
ғалымдарымызды да олардың алақандарына салып бердіңіз. Сіздің сөзіңізден
якуттар Қазақстанның ылғи ерлердің, Сәтбаев пен Әуезов сияқты ғажап ғалымдардың
елі екенін білді. Ал өзіме бір сөзіңіз ерекше ұнады. – Қандай? – «Өлген солдаттың
жырын өлгенше жырлауымыз керек!» дегеніңіз. – Неге? – Мен соғыста өлген
солдаттың ұлымын. Әкем Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін Алматыда жасақталған
дивизиялардың бірімен майданға кетіпті. Соғыста опат болыпты. Мен жетім өстім.
Соғыстан қайтқан солдаттың бәрін өз әкемдей көремін. Менің әкем, бәлкім, сіз
қызмет өткен дивизияда болған шығар. Сондықтан сізді, жаңа соғыс туралы сөйлеп
тұрған сәтіңізде әкем дегім келіп кетті. Солай деуіме бола ма; аға: Мен оның қолын босатпай
тұрып, қайтадан бетіне қарадым. Ықыластана, ыржия күліп тұр екен. – Өзің қай жылғысың
қалқам? – дедім оған. – 1938 жылғымын. Атым
Ахметжан, фамилиям Аширов. Ұлтым ұйғыр. Өзіміздің Алматыда шығатын
республикалық ұйғыр газетінің әдебиет бөлімін басқарамын. Сізді сыртыңыздан
білемін. Ахметжан Мәметов ағамыз айтқан. Сол газеттің
редакторы. Бірнеше күн бірге сапарлас болыпсыздар. Есіме түсті. Бір топ
Қазақстан журналистері Молдавия, Мәскеу, Ленинград сапарында бірге болғанбыз.
Ішімізде ақбейіл азамат Ахметжан да болған. Ол кезде мен газет қызметкері едім. Мен басымды изедім. – Менен он алты жас
кіші екенсің, айналайын Ахметжан. Бірақ мен ол жаста әлі әке болып үлгірмеген
едім, – дедім жігітке жымия қарап. – Онда ағам дейін
сізді! – Жарайды, інім бол
онда. Екеуіміз қайтадан қол
алыстық. 3 Ахметжанның жаны
нәзік, жүрегі жұмсақ ақкөңіл адам екенін мен сонда білдім. Әйтпесе, бір сөзі
ұнаған біреуге соншама ықылас білдіруге бола ма? Мың сөзі ұнаса да
мыңқ етпей өте беретін адамдар аз ба? Әсіресе, жазушы
ағайындар бірін бірі місе тұтып, менсіне қоя ма? Мінеки, біз сол
күннен бастап сыйлас болып кеттік. Артынан Ахметжан Қазақстан Жазушылар одағының
ұйғыр әдебиетінің секциясын басқаруға шақырылды. Одан кейін сол Одақ
хатшыларының бірі болды. Одан соң жазушылар бастауыш партия ұйымының секретары
боп сайланды. Бұрынғыдай алыс біліс емес, енді бір есіктен
кіріп, бір есіктен шығатын жақын таныс болып кеттік. Осылай,
Ахметжанның жыл сайын қызметі өсті. Бірақ, кісілігі, кішіпейілдігі өзгерместен
сол қалпында қалды. Амандасып, ақылдасып, тіпті, кейде, жеңіл-желпі әзілдесіп
жүріп жаттық. Жалғыз маған ғана емес, Ахметжан әр мінезді, алуан сөзді жазушы жұртшылығының
бәріне ұнады. Солардың бәрінің жүрегіне жол тапты. Олардың сыйлап, құрметтеуіне
ие болды. Осы сыйластығымыздың
үстіне біз 1985 жылы бір-бірімізге көрші болдық. Жазушылар одағының Құрманғазы
көшесіндегі жаңадан салынған үйінен екеуіміз де пәтер алдық. Бір подъезге
орналастық. Енді күн сайын көрісіп, кешкі серуендерге қолтықтаса шығып жүрдік.
Бір-бірімізге ілтипатымыз бұрынғыдан да арта түсті. 4 Ахметжанда кісіні
өзіне тартып тұратын өзгеше бір қасиет бар. Ол оның адамға ақкөңілмен ақсия
күліп қарайтын адалдығынан шығар деп ойлаймын. Ахметжан әрқашан өзінен үлкен
адамды көргенде: - Ассалаумағалейкум,
аға, – деп құшағын жая ұмтылады. Атақты Головацкийдің
ақ жүгерісіндей болып, тістері ақсиып, күлімдеп келе жатады. Оның
осы күлкісі жаныңа жып-жылы шуақ боп құйылып, жүрегіңді жібітіп жібереді.
Мұндай жан жадыратар күлкі дүние жүзіндегі екі үлкен адамнан ерекше көзге
түседі. Оның бірі бұрынғы АҚШ Президенті Билль Клинтон болса, екіншісі
Қырғызстан Президенті Асқар Акаев. Сол екеуініңкіндей жанға жайлы шуақты күлкі
біздің Ахметжанның жүзіне жиналған. Ахметжан кісіге күлкі
ғана сыйламайды. Оның алысқа барса ағаларына базарлық ала келетін әдеті және
бар. Бір жолы шетелден қайтқан сапарында ол: – Аға, мынау дүние
жүзіндегі ең жіңішке жазатын қалам, – деп маған бір жақсы қалам әкеліп сыйлады. – Мынау баяғыда
корольдер жазған қағаз екен, бір шығармаңызды осыған жазыңызшы, аға, – деп тағы
бір жолы бетінен алақан тайғанайтын бір буда әдемі ақ қағаз әкеліп берді. 5 1989 жылы оның
«Одинокая мята» деген романы орыс тілінде басылып шықты. Сол кітаптың бірінші
бетіне: «Қымбатты ағам, әрі әкем, ұйғыр әдебиетінің үлкен досы Әзілхан
Нұршайықовқа зор құрметім мен шексіз алғысымның белгісі болсын деп осы
кітабымды шын жүректен сыйлаймын. 24.XII.89» деген жазу жазып, қолын қойып,
маған әкеп берді. Мен ол кітапты бас
алмастан оқып шықтым. Оқығаннан кейін баяғыда, Саха сапары кезінде Ахметжанның
Якут университетінің кең залында сол ел жастарымен кездескен сәтте сөйлеген
сөзі еріксіз есіме түсті. 6 Біз, Қазақстан
қаламгерлері якут жазушыларымен бірге сахна төріндегі президиум үстелінің
басында отырдық. Бір кезде кездесу мәжілісін басқарып отырған Якутия
Министерлер Кеңесі төрағасының орынбасары Михаил Прокопьевич Гәбышев кезекті
сөз Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің өкілі Ахметжан Ашировке берілетінін
хабарлады. Ахметжан президиум
үстелінің шет жағындағы орнынан байыппен көтерілді де, жайлап басып мінберге
барды. Содан соң сәл жымиып, залға басын изеді. – Сіздерді якут халқы
деп атайды, – деді оң қолын залға қарай сермеп. Залда отырған
студенттер «Оны өзіміз де білеміз ғой!» дегендей, ду күліп жіберді. Ахметжан
оларға қосыла тағы бір жымиып, тағы да басын изеді. Күлкі тоқтаған кезде ол
кеудесін жоғары көтерді де, сөзін жалғады. - Сіздердің
сандарыңыз 240 мыңдай адам. Бәріңіз де осы өлкеде тұрасыздар. Ал менің халқымды
– ол өз кеудесін түртті, – ұйғыр ұлты деп атайды. Оның жалпы саны төрт жарым
миллион. Соның жүз мыңға жуығы Өзбекстан мен Қазақстанда тұрады. Өзгесі Қытай
жағында. Мен сол Қазақстанда тұратын ұйғыр жұртының кішкентай ғана өкілімін. –
Ол оң қолының шынашағын көтеріп, залға көрсетті. Бұл жолы оған ешкім күлмеді.
Шешен қара шашын қайыра сипап қойып, сөзін ары қарай жалғады. Біз, ұйғырлар, қандай
халықпыз? Анамыз қандай? Ағамыз қандай? Бабамыз қандай? Баламыз қандай? Мұның бәрін
мен сіздерге тізбелеп айтып жатпаймын. Тек ең соңғы – «Баламыз қандай?» деген
сұрағыма ғана жауап берейін. Біздің сәбилеріміз анадан ұйғырша ән айтып, ана
тілінде сөйлеп туады. Алматыда музыкалық ұйғыр театры бар. Оған ұйғыр тілінде
қойылған пьесалар аншлагпен өтеді. Ұйғыр тілінде екі республикалық газет
шығады. Қазақстан Жазушылар одағының жанында ұйғыр әдебиетінің секциясы жұмыс
істейді. Мемлекеттік «Жазушы» баспасының жанындағы ұйғыр әдебиеті редакциясы
жазушыларымыздың кітаптарын үздіксіз шығарып отырады. Қазақстан Ғылым
академиясының тіл білімі институтында ұйғыр тілі мен әдебиетінің секторы бар.
Онда ұйғыр ғалымдары қызмет істейді. Осы жалпы мәлімет жететін шығар деп
ойлаймын сіздерге. Осылай деп шешен
залға бас иіп, президиум жаққа бір бұрылып қарап қойды. – Ұқтық. – Рақмет сізге, деген
дауыстар естілді залдан. Ахметжан сөзін
қайтадан сабақтады. Осы залда
отырғандардың көпшілігі қыздар екен. Енді мен сіздерге ұйғыр қыздары туралы бір
ауыз сөз айта кетейін. – Зал елең етіп, құлақтарын түре қойды. Шешен де оларға
жымия көз тастап, әңгімесін ары қарай жалғады. – Барлық халықтардың қыздары
сұлу келеді ғой. Сол сияқты біздің қыздарымыз да қиғаш қас, күлім көз, шетінен
сұлу болады. Ұйғыр қыздарын бір көрген жігіт есінен танады. Екі көргеннің
езуінен күлкі кетпейді. Үш көрген оған үйленбей тынбайды. Өйткені ұйғыр қыздары
еңбекшіл, әнші, биші, әрі тұрақты. Тұрақтылығы сондай – бір сүйген жігітінен
өлмей айрылмайды. Ұйғыр қыздары ешқашан кәртеймейді, үнемі жас қалпында жайнап
тұрады. Табиғатта ешқашан солмайтын гүл болса, біздің қыздарды тек қана сол
гүлдермен салыстыруға болады. Бүкіл дүние жүзінде әйелдің ұлылығы мен сұлулығын
шырқата суреттеген ұйғыр әдебиетіндей әдебиет жоқ. Болса – аз. Мәселен, 17-18
ғасырлар арасында өмір сүрген ұйғыр ақыны Мұхаммед Хирқати «Еңбек пен махаббат»
деген поэма жазып, әлемге аты жайылды. Ол еңбекті әйелмен теңестірді. Әйел махаббатын
еңбектің бастау, бұлағы деп таныды. Ал біз «Адамды адам еткен – еңбек!» дейміз.
Ендеше сол адамды жан етіп, жаратушы кім? Әйел ғой! Әйелден тумаса ешкім
аспаннан түспейді. Осыны Мұхаммед Хиркатиден бұрын кім айтып, кім дәлелдеді?
Айтыңыздаршы, кәне. Айта алар ма екенсіздер? Немесе 18-19 ғасырлар ішінде
ұйғырдың үш ақыны: Абдурайым Низари, Тұрди Ғарбия және Норузахун Зияи үшеуі
«Махаббат дастаны» атты поэмалар циклін бірлесіп жазды. Олар да әйел
махаббатының қүдіретін, әйел еңбегінің ғажайып қасиетін жырлады. Мінеки, сонау
он жетінші ғасырдан бері қарай біз, ұйғыр ақын-жазушылары әйел тақырыбын
толассыз жырлаумен келеміз. Әлі де жырлай береміз. –
Мінеки, сіздердің түбі бір туыстарыңыз, қымбатты қазақ халқының мың
жылдан бері қол ұстасып, қосыла өмір сүріп келе жатқан ағайыны, барлық
халықтардың айнымас досы – түркі тілдес ұйғыр халқы осындай жұрт, қымбатты саха
сұлулары, ардақты яқут бауырлар. Сау-сәлемет, бақытты болыңыздар. Осылай деп Ахметжан
аудиторияға басын иді. Соғылған шапалақтан университет қабырғасы қақырап кете
жаздады. Кездесу соңынан мен
Ахметжан інімді құшақтап бетінен сүйдім. 7 Ахметжанның қолтаңба
жазып сыйлаған кітабын алып, оның сонау Саха елінде сөйлеген осы сөзін есіме
алдым. Ол онда ұйғыр әйелдерінің сұлулығы мен еңбекшілдігін әзіл араластыра
мақтанышпен айтқан еді. Сол тамаша ұйғыр қызының бір бейнесі осы романдағы
Бостангүл ғой. Әрі сұлу, әрі әнші, әрі еңбекшіл. Ең бастысы махаббатына берік,
тұрақты да, тұрлаулы жан. Жастайынан жаны сүйген Жамшитіне деген жалынды
махаббатын он жыл бойы өшірмей, жүрегінде сақтаған. Жолда жолыққан Баратахұн
тәрізді қара жүрек жігіттің қақпанына түсіп, қанша қорлық, зорлық көріп, таяқ
жеп, табында тепкіленсе де, ары мен адамгершілігін жоғалтпаған. Мүгедек боп
қалған сүйкімсіз күйеуін күтіп, оның кәрі әке-шешесі ақсақ Сейіт пен Нұрниса
ананы аялап, әлпештей білген. Мінеки, осы Бостангүл арқылы нағыз еңбекшіл,
сұлу, сүйкімді, тұрлаулы ұйғыр әйелінің бейнесін жасапсың.
Жарайсың, Ахметжан бауырым! Яқут елінде айтқан уәдеңді абыроймен орындапсың.
Сейіт пен Қасқарау қарттар арқылы қазақ-ұйғыр арасындағы достық пен туыстықты
да ойдағыдай өрнектепсің. Разымын саған, ардақты інім! Ол жолы мен осылай
тебіренген едім. 8 Қазақта: «Сен маған
достарыңның атын атап бер, мен сенің қадіріңнің қандай екенін
айтып берейін» деген ғибратты нақыл сөз бар. Осы нақылды
Ахметжанға қолдансақ, оның бағасы қандай екенін пайымдауымызға болады. Ахметжанның достары
өте көп. Орыстан да, өзбектен де, немістен де, кәрістен де, еврейден де бар.
Егер одан «қазақ досың кім?» деп сұрасаңыз, Ахметжан алдымен
Олжасты атар еді. Кәдімгі Олжас Сүлейменов! Сонау 1986 жылғы Желтоқсан
оқиғасынан кейінгі қаһарлы күндерде Олжас пен Ахметжан екеуінің мызғымас
дастығы сол кездің сұрапыл сынынан сүрінбей өткен болатын. Мінеки, осы бір
мысалдың өзі ғана Ахметжанның азаматтық тұрғысының қаншама биік екенін көрсетсе
керек. Бүкіл дүние жүзіне мәлім Олжастың досы өзіңнің бауырың болып шықса, оған
қалай мақтанбассың! Осы мақтанышты
кеудеге тұтып, Ахметжанмен бірге бір қалада, бір шаңырақтың астында,
тіпті бір подъезде бірге тұрып жаттық, 9 Біздің марқұм досымыз
– ұйғыр халқының асыл перзенті Мұрат Хамраев: – Ұйғырлар үйіңе
шақырмасаң – кірмейді, сағынбасаң – келмейді, – деп әзілдейтін еді. Ол өзі
қонаққа шақырған жерге ылғи кешігіп келетін. – Мұрат-ау, неге
кешіктің? – дегендерге ол күліп, осылай дейтін. Содан соң ол: – Сенбесеңдер мына
Гулядан сұраңдар, – қасындағы келіншегін нұсқайтын. – Біз шақырдық қой
сендерді. – Шақыруын шақырдыңдар
ғой, бірақ сағынбаған болуларың керек. Біздің кешіккен себебіміз сол деп
әзілқой Мұрат шалдырмай кететін. Ол отырған үйді әзіл мен күлкі кернейтін еді. Сол айтқандай, бір
жылы Ахметжан біздің үйге бас сұқпай қойды. Мұраттың сөзі сонда есімізге түсті.
Шынында шақыру күтіп жатыр ма деп, үйіне телефон соқтық. Сөйтсек; Ахметжан
әйелі Әсиям екеуі Алматы іргесіндегі Шелекке көшіп кетіпті. Сондағы өзінің
туған жері Малыбай ауылында тұрып жатса керек. Мұндағы үйінде балалары қалыпты.
«Апырай, неге айтпай кетті екен? Бізге өкпеледі ме екен? – деп ойладық. Үш жылдан кейін,
биылғы көктемде, ауладан Ахметжанның үні қайтадан естіле бастады. Келген бетте
ол бізге кіріп сәлем берді. – Сағындырдың ғой,
Аха, – дедік әйеліміз екеуіміз оны кезек құшақтап. – Сарғайып жатып,
роман жаздым елге барып, – деді ол. – Бітірдің бе? – Бітірдім, аға. – Романыңның аты не? – «Идиқут», аға. – Не
туралы? – Ерлік пен елдік
жайында. Ерте бір кездерде ұйғыр мемлекеті Идиқут аталған ғой, аға. Со туралы. – Тарихи дүние болды
ғой? – Иә, аға. – Қайырлы болсын,
қалқам. – Рахмет, аға. Тағы
бір той және бар. – Қандай? – Жаман ініңіз
алпысқа толып қалыпты, аға, – деді Ахметжан ақсия күліп. Екі Президент тағы да
еске түсті. Біз оны қайтадан құшақтап, бетінен сүйдік. – Мерейтойың құтты
болсын.Тамаша туындыларыңмен өз ұлтыңның, барлық басқа оқырмандарыңның, барша
достарыңның мерейін арттыра бер, айналайын, – дедік біз оған. – Рахмет сіздерге. – Биыл өзіңдей жақсы
көретін бауырымыз Шаим Шаваев та алпысқа толды. Ол да жаңа
табыстарға жетсін. Жалпы, туысқан ұйғыр
әдебиеті өркендей берсін, Аха. Біз соған тілектеспіз. – Айтқаныңыз келсін,
аға. Біз Ахаңды сонша
сағынған едік. Жан жылуы мол Адам, Азаматпен қайта табысқанымызға қатты
қуандық. 21.VII.1998 ж.
| |
Просмотров: 1161 | Комментарии: 1 | |
Всего комментариев: 0 | |